Белсенді оқыту: медицина факультетінің студенттеріне лексиканы үйрету үшін сөзжұмбақтар мен сөз іздеу ойжұмбақтарын қолдану
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v195.i3.ph03Аннотация
Лексиканы меңгеру кәсіби бағытталған шет тілін оқытудың ажырамас бөлігі болып табылады. Оқытушылар қауымдастығы оқу процесін белсенді және оқушыларға бағытталған ету үшін қашан да оқу құралдарын жетілдіруге және жаңартулар енгізуге тырысады. Сөзжұмбақтар мен сөз іздеу ойжұмбақтардың потенциалды педагогикалық құндылығы мен тиімділігі көптеген зерттеулерде қарастырылған. Аталмыш зерттеу жұмысында сөзжұмбақтар мен сөз іздеу ойжұмбақтары «Жалпы медицина» мамандығының студенттеріне лексиканы оқытуға арналған педагогикалық пайдалы ресурстар ретінде қарастырылады. Бұл зерттеу әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина факультетінде GM 22-05 және GM 22-06 топтарында жүргізілді. Зерттеуге шет тілі курсында оқитын он бес шетелдік студент қатысты. Бір оқу семестр бойы студенттерге жаңа сөздерді үйренуге және білімін тексеруге арналған қосымша оқу құралы ретінде сөзжұмбақтар, сондай-ақ сөздік қорын арттыру немесе интеграцияланған оқу тапсырмасы ретінде сөз іздеу ойжұмбақтары берілді. Сауалнама нәтижелері студенттердің оң тәжірибе алғанын және сөзжұмбақтар мен сөз іздеу ойжұмбақтарын шешу арқылы сөздік қорын үйренуге және жаттығуға деген талабын көрсетті. Нәтижелер сөзжұмбақтар (а) жаңа лексиканы оқыту және жаттау үшін; (б) студенттердің үйренген лексика бойынша білімдерін тексеру; (в) сөздердің дұрыс жазылуын оқыту; (г) оқушылардың аналитикалық және танымдық дағдыларын дамыту, сондай-ақ (д) стрессті жеңілдету және студенттерде жетістік сезімін тудыру үшін пайдалы болуы мүмкін екенін көрсетті. Ал сөз іздеу ойжұмбақтары жаңа лексиканы, әсіресе оның дұрыс жазылуын ойын түрінде үйрету үшін пайдалы екендігін көрсетті. Екі құралды да ағылшын тілі мұғалімдері лексиканы қызықты, тартымды және көңілді түрде үйрену үшін шығармашылық оқу материалы ретінде пайдалана алады. Зерттеудің практикалық бөлімінде сөзжұмбақтар мен сөз іздеу ойжұмбақтарды құрастыру және пайдалану бойынша педагогикалық ұсыныстар берілген.
Түйін сөздер: шет тілдерін оқыту, кәсіби мақсаттағы ағылшын тілі, лексиканы үйрету, белсенді оқыту, геймификация, сөзжұмбақтар, сөз іздеу ойжұмбақтары