Қазақыландыру және пуризм: лексикалық жаңалықтарды субъективті шкалалау әдісі бойынша бағалау нәтижелері
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2023.v192.i4.ph1Аннотация
Адамның тілге қатысты саналы әрекеті – тұтастай алғанда тілдің сақталуына әсер ететін маңызды әлеуметтік фактор. Әлеуметтік лингвистикалық тұрғыдан тілді корпустық жоспарлауға қатысты түсінік ретінде танылатын «пуризм» ұғымы жеке адамның немесе тұтас тілдік қауымдастықтың тілге қатысты саналы әрекетімен байланысты түсіндіріледі. Қазақ тілінің қазіргі динамикасын танытатын қазақыландыру үдерісінің тиімділігін бағалау үшін «қазақыландыру» және «пуризм» ұғымдарының арақатынасына назар аудару маңызды. Қазақыландыру үдерісінің нәтижесі ретінде лексикалық жаңалықтарды пуризм призмасында тану тіл иелерінің субъективті бағалауын анықтауды қажет етеді. Зерттеудің алдыңғы кезеңдерінде қазақыландырылған лексикалық жаңалықтардың тіл иелерінің менталды лексиконында шоғырлануын пәнаралық аспектіде модельдеуге бағытталған ассоциативтік эксперимент жүзеге асырылды. Сауалнама нәтижелерінің шынайылығын тексеру үшін субъективті шкалалау әдісі қолданылды. Кешенді эксперимент және субъективті шкалалау әдісінің нәтижелері қазіргі қазақ тілінде пайда болған, тілдің ішкі мүмкіндіктері арқылы жасалған лексикалық жаңалықтардың тіл жүйесіндегі, ауызша және жазба коммуникациядағы орны бірдей емес екендігін, тіл иелерінің «дұрыс / дұрыс емес»; «қабылдаймын / қабылдамаймын» позицияларының әркелкілігін дәлелдейді.
Мақалада қазақ тілінің лексикалық динамикасындағы белсенді үдерістерді сипаттайтын қазақыландыру және пуризм түсініктерінің арасалмағы қарастырылады және қазақыландырылған лексикалық жаңалықтарға қатысты тіл иелерінің көзқарасы мен бағасын анықтауға бағытталған субъективті шкалалау әдісі бойынша эксперимент нәтижелері талданады.