Жыраулық поэзиядағы мәдени, ұлттық және риторикалық сәйкестік мәселесі этноаударма нысаны ретінде
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v195.i3.ph019Аннотация
Жыраулық поэзияда мәдени, ұлттық және риторикалық сәйкестікке ие риторикалық идеал
қалыптасқан. Қазақ риторикасының ұлттық бірегейлігі қазіргі заман әдіснамасы тұрғысынан зерделеуді талап етеді және этноаударманың күрделі нысаны болып келеді. Мақалада жыраулар
поэзиясындағы мәдени және ұлттық сәйкестікті және оның риторикалық сәйкестікке ықпалын
сипаттауға талпыныс жасалған. Мәселені шешудің зерттеушілік және аудармашылық жолдары
рефлексия және пандетерминизм аспектісіндегі әлем бейнесін түсіндіруге, пікірлердің риторикалық мәртебесін және риторикалық модальдылықтардың жіктелімін жасауға, символика мен
аллегориялардың құрылымына және олардын жаңа мағыналарды қалыптастыруына, Асан Қайғы
поэзиясындағы символдардың түр өзгешелігін, Қазтуған мен Доспамбет жыраулар поэзиясындағы культуронимдер жүйесін айқындауға құрылған.
Жұмыстың ғылыми маңыздылығын герменевтика және феноменология тұрғысынан жыраулар поэзиясындағы әлем бейнесін сипаттау, «риторикалық сәйкестік» санатын негіздеу және
олардың дәл аударма жасаудағы рөлін анықтау құрайды. Алынған нәтижелерді жыраулар поэзиясының жаңа аудармаларын жасау үшін ғылыми еңбек ретінде пайдалану зерттеудің практикалық маңыздылығына жатады. Дискурстық тәсілді қолдану риторикалық сәйкестік әдіснамасын
жасауға және жыраулық поэзия аудармашыларына ұсынымдар жасауға мүмкіндік берді.
Асан Қайғы, Қазтуған және Доспамбет жыраулар поэзиясындағы әлем бейнесін сипаттау
символ мен аллегорияның рөлін белгілеуге мүмкіндік берді. Пікірлер мен әлем бейнесінің риторикалық мәртебелері арасында байланыс орнатылды. Риторикалық дәлелдеулерді тасымалдау
барысындағы және жаңа аудармалар жасаудағы аллегорияның рөлі негізделді.
Ақынның адресатқа риторикалық ықпал ету тәсілі, иллокутивті әсер ету факторы және аударма стратегиясы ретінде культуронимдердің рөлі көрсетілді.
Зерттеудің құндылығы – отандық ғылыми айналымға «риторикалық сәйкестік» ұғымын енгізу. Зерттеу нәтижелерінің практикалық маңыздылығы сәйкестікті зерделеу және коммуникацияның тиімділігі ретінде жыраулардың тыңдарманға әсер ету әдісі арқылы аудармашыларға
арналған ұсынымдар әзірлеуге құрылған.
Түйін сөздер: жырау, сәйкестік, әлем бейнесі, коммуникация, культуронимдер.