ХХІ ҒАСЫР ПРОЗАСЫНДАҒЫ СЮРРЕАЛИЗМДІК ШЫҒАРМАЛАР
Аннотация
Мақалада қазіргі қазақ прозасында жазылған сюрреалистік бағыттағы шығармалар қарастырылады. Талданған проза үлгілерінде жаңаша жазу тәсілдеріне ұмтылыс, тақырып аясының кеңдігі, тілдік, құрылымдық шеберлік, даралық, адам жанын барлау, дүние сырларын ашу тұрғысындағы ұлттық құндылықтарды зерттеу болып табылады. Зерттеу нысаны ретінде Мұхтар Мағауиннің «Қыпшақ аруы» повесіндегі Саржан арқылы ұлттық өнердегі ірі тұлға ретінде қалыптасудың қиындықтарын баяндалса, Роза Мұқанованың «Тұтқын» шығармасындағы кейіпкер өзін ұлы санайтын, түрлі галлюцинациялық мезеттерге ұшырап отыратын суретші ретінде, Талаптан Ахметжановтың «Қылбұрау» әңгімесінде кейіпкерлер психологиясы түс, елес арқылы бейнеленеді. Алмаз Мырзахметтің «Жазушы жазбасы» шығармасында реалды өмір мен кейіпкер әлемінің арасындағы мистикалық элементтер мен тылсым оқиғалардың көркемдік талап ерекшеліктері зерттелеген. Қолғанат Мұраттың «Бөтен» әңгімесінде кейіпкердің бір уақыт пен кеңістікке байланбауы шығарма өзегі болса, Сәуле Досжанның «Үлкен үйдегі үрей» романында Арслан бейнесі арқылы имандылықтан аттаған, арсыздардың өмірі мен тарихын баян етеді. Ғылыми зерттеудің мақсаты – ХХІ ғасыр прозасынан сюрреализм бағытындағы шығармаларды айқындап, олардағы тілдік қолданыстарды, идеялық-эстетикалық ізденіс бағдарындағы көркемдік ізденістер табиғатын жан-жақты зерттеу, кешенді әдіснамалық жүйесін жасау. Шығармаларды талдау барысында сюрреализмдік шығармалар ерекшелігін анықтап, кейіпкерлердің сандырақтап түрлі түстер мен елестер көруі арқылы қоғам алдындағы дағдарыстарды астарлай айтып, оны оқырман санасына үрей мен қорқыныш енгізу арқылы жеткізуін қарастырады.







