Цифрлық лингводидактика және ұлттық бірегейлік: Абай поэтикалық корпусын тіл мен әдебиет пәндеріне интеграциялау
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2025199320Аннотация
Бұл мақалада қазіргі заманғы білім беру үдерісінде ұлттық құндылықтарды дәріптеудің тиімді жолы ретінде ашық қолжетімді Абай поэзия корпусының қолданылу мүмкіндіктері қарастырылады. Зерттеу жұмысы екі негізгі кезеңнен тұрды: біріншісі – корпус материалдарына сүйенген лингвистикалық талдау, екіншісі – орта мектептің жоғары сынып оқушылары мен университеттің бірінші курс студенттеріне жүргізілген педагогикалық тәжірибе. Лингвистикалық кезеңде AntConc бағдарламасы пайдаланып, сөз жиілігі, коллокация және конкорданс талдаулары жасалды. Абай Құнанбайұлы шығармаларында жүйелі түрде кездесетін негізгі ұғымдар анықталды: адам (жалпыадамзаттық гуманистік категория), ақыл (зерде мен парасаттылық өлшемі), иман (рухани сенім мен ар тазалығы), намыс (жеке тұлғаның ар-намысы, қоғам алдындағы жауапкершілік). Бұл ұғымдар қазақ этикалық ойлау жүйесінің іргетасы екені дәлелденді. Педагогикалық кезеңде студенттер корпус негізінде арнайы әзірленген тапсырмаларды орындады. Үш сабақтан тұратын шағын тәжірибе барысында олардың Абайдың моральдық триадасын – ақыл, қайрат, жүрек – тереңірек түсініп, мәдени мұраға жаңаша көзқарас қалыптастырғаны байқалды. Сандық және сапалық әдістер қатар қолданылып, кешенді зерттеу жүргізілді. Сонымен қатар, корпустық әдістер оқушылардың мәтінмен өздігінен жұмыс істеу, деректерді салыстыру, сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамытуға ықпал етті. Қорытындысында, цифрлық лингвистикалық ресурстар ұлттық болмысты жаңғыртуға және білім беру мазмұнын байытуға нақты мүмкіндік беретінін көрсетті. Алынған зерттеу нәтижелері цифрлық лингводидактика үшін практикалық құнды мәліметтер қатарын толықтырады.
Түйін сөздер: Абай Құнанбайұлы, корпустық лингвистика, поэтикалық корпус, ұлттық бірегейлік, адамгершілік тәрбиесі, цифрлық педагогика.
