Қазіргі қазақ поэзиясындағы дәстүр және жаңашылдық
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2024.v195.i3.ph014Аннотация
Мақалада қазіргі қазақ поэзиясына көркемдік-стильдік ізденістерімен келген бір топ жас ақындардың шығармалары қарастырылған. Ұлттық поэзияда қалыптасқан дәстүр жалғастығы мен мазмұндық және түрлік жаңашылдықты көрсету үшін жас ақындар Дүйсенәлі Әлімақын, Бауыржан Әліқожа, Батырхан Сарсенхан, Бауыржан Майтай, Тұрсынбек Башар, Толқын Нұрсәуле, Айдана Қайсарбекқызы, Асылбек Жаңбырбайдың поэзиялық туындыларына талдау жасалды. Аталған ақындардың шығармалары ғылыми айналымға түспегендіктен, олардың шығармаларындағы көркемдік ізденістерді саралай отырып, қазіргі қазақ поэзиясындағы жетістіктерді бағамдауға болады. Жас ақындардың қазақ поэзиясындағы шағын лирикамен бірге кең құлашты эпикалық поэмалардағы дәстүр сабақтастығын жалғасырып келе жатқандығы нақты шығармалармен анықталды. Кез келген ақынның шығармашылығынан бірінші кезекте отан, туған жер туралы өлеңдерді көптеп кездестіруге болады. Жас ақындар шығармаларындағы отан, туған жер, ата-ана, сүйген жарға деген махаббат лирикалары қазіргі поэзиядағы дәстүр сабақтастығын көрсетсе, пейзаж, кейіптеу, параллелизм, контрасты бейнелеумен тың бейнелер мен жаңа образдар жасаған.Әлем әдебиетінде қалыптасқан, ХХІ ғасыр әдебиетінің негізгі бағыттарының бірі болып табылатын постмодернизм қазіргі қазақ поэзиясынан да орын алғандығы Т.Башар, Б.Майтайұлы шығармаларымен дәлелденсе, ақ өлең үлгісі Батырхан Сәрсенханда көптеп кездеседі. Зерттеудің ғылыми және практикалық маңыздылығы орта мектеп пен жоғары оқу орындарында «Қазақ әдебиеті», «Қазіргі қазақ әдебиеті» пәндерінде кеңінен пайдалануға болатынынан, қазақ поэзиясындағы көркемдік ізденістер туралы ғылыми қауым мен оқырманға мол мағлұмат беретінінен, қазіргі қазақ поэзиясы туралы алдағы зерттеулерге жол ашатындығынан байқалады.
Түйін сөздер: поэзия, лирика, өлең құрылысы, ақ өлең, паралелизм, теңеу, пейзаж, интертекст, дәстүр және жаңашылдық.