Aлмаз Mырзахмет әңгімелеріндегі көркемдік-эстетикалық ізденістер
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh2025199313Аннотация
Мақалада жазушы Алмаз Мырзахметтің «Дежавю» әңгімелер жинағы қарастырылған. Жазушының жекелеген әңгімелерінің стиліне талдау жасауда оның көркемдік ізденістері анықталды. Кейіпкерлер жүйесіне жасалған талдаудан «Актрисадағы» актриса, «Бапақай» әңгімесіндегі Бапақай сияқты кейіпкерлердің тағдырымен жалғызбасты аналардың өмірін сынға ала отырып, демография мәселесіне көңіл аударылды. Қазақ әдебиетінде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы шағын жанрдан бастап бірнеше повесть, романдардың жазылғаны әдебиет тарихынан белгілі. Жинақ атымен аталған «Дежавю» әңгімесінде Желтоқсан қаһармандарының есімін мәңгі есте сақтау мақсатымен аталған Қайрат, Ербол, Сәбира, Ләззат есімді «Тәуелсіздік құрдастарымен» кездесеміз. Тәуелсіздіктің отыз жылдығы қарсаңында Астана қаласында кездескен Астана, Өскемен, Алматы қаласы жастарының өз есімдерін мақтан етуімен әңгіменің тәрбиелік мәніне көңіл бөлінді. Шығарманың негізгі жетістігі – тәуелсіздікке тағзым жасаумен, Желтоқсан қаһармандарына деген құрметпен жастар бойында патриоттық сезім қалыптастыруында. Жазушының мазмұны мен түрі жағынан бір-біріне ұқсамайтын шағын әңгімелеріндегі өмірден алынған кейіпкерлер басынан өткен шынайы оқиғалармен өткен тарихымыз бен бүгініміз және болашағымыз туралы ой қозғайтындығы анықталды. Талдау нысанына алынған әңгімелердегі психологизм бейсаналыққа құрылған «Автопротрет» әңгімесіндегі сана ағымынан, «Теміржол қиылысында» әңгімесінде кейіпкердің түсінен көрініс тапса, «Жазушы жазбасы», «Өрт», «Қазық» әңгімелері мистикаға құрылған. Бұл әңгімелерде әруақ, елестермен бірге аса қорқынышты оқиғалардың суреттелуінен триллер мен хоррор жанрының элементтері байқалады. Көлемі жағынан екі-үш сөйлемнен тұратын «Эльдорадо» – қазіргі таңда әлем әдебиетінде кеңінен танылып, қазақ әдебиетінде де орныға бастаған миниәңгіме үлгісі. Автор ақпараттық заманда уақыттың шектеулілігіне байланысты барынша ықшам жазудың әдіс-тәсілдерін игеріп, оны ұлттық әдебиетке алып келуде. Ұлттық әдебиетті қала прозасымен байытып жүрген жазушының әңгіме жанрындағы дәстүр сабақтастығын сақтаумен бірге жаңа эксперименттер жасаудағы көркемдік ізденістері нақты мысалдармен дәйектелді.
Түйін сөздер: проза, әңгіме, миниәңгіме, психологизм, мистика, стиль, көркемдік ізденіс.
