Тәуелсіздік тұғыры – мемлекеттік тілдің қолданысы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2021.v183.i3.ph18Аннотация
Мақалада мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің қолданыс аясын талдап, саралау арқылы тәуелсіздік алғаннан кейінгі тіл саясатының қазіргі жағдайы сөз етіледі. Ұлт тілінің қазақ қоғамында қызмет етуі қаншалықты деңгейде, қалыптасу сатысы қалай, сондай-ақ, болашақтағы жағдайы қалай жоспарланып отыр деген сауалдар талданады. Бүгінгі қоғам өмірінің коммуникациялық актісіндегі мемлекеттік тілдің жұмсалу ерекшелігіне жүйелі де принциптік түрде қолдау көрсетілмесе, қоғамның даму векторына сәйкес қазақ тілінің перспективалық дамуы күманды болады. Сондықтан қазіргі жағдайда халықпен тікелей араласатын алдымен жергілікті атқарушы органдардың салаларында қазақ тілінің қазіргі қолданыс аясы туралы айтылды. Қазақстанда тіл мәселесінің оңтайлы шешілуі мектепке дейінгі мекемелер мен жалпы орта білім беретін мектептердегі және жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесіне де тікелей байланысты. Бұл ретте Қазақстан Республикасындағы қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалардың санының артуы қазақ тілінің қоғамдық белсенділігін арттырып, ел аумағында тілдік ортаның қалыптасуына өз әсерін тигізуі әр жылдардағы деректер бойынша статистикалық көрсеткіштермен салыстырылды. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған және тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларындағы көрсетілген мақсат пен міндеттеріне назар аударылды. Мемлекеттік тілдің бір қыры салалық мамандарға арналған терминологиялық лексиканы қалыптастыру мен дамыту жолдары қарастырылды. Қазақстанда тұратын кіші этникалық топтардың тілдерінен бөлек, тіл саясаты тұрғысынан көптілділікке ие үш тілдің: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің ресми мәртебесі мен қоғамдық қызметіне талдау жасалынды.
Түйін сөздер: мемлекеттік тіл, тіл саясаты, тіл қолданысы, кәсіби қазақ тілі, қостілділік.