Қазіргі әлем және қазақ неомифологиясындағы мифтік мотивтер мен архетиптердің өзара үндестігі.
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJPh.2022.v186.i2.016Аннотация
Мақалада ХХI ғасырдың бас кезеңінде қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетінде мифке бет түзеу үрдісін тудырып отырған неомифологиялық үрдістердің жаңа бағытта орын алып отырғандығына баса назар аударылады. Осы жағдайға байланысты қаламгерлеріміз халқымыздың ұлттық жадысын түлетуге тыңнан соқпақ салып, кеңес үкіметі таңған мифтік догмаларды жоққа шығару жолында алғашқы сәтті қадамдарын жасай бастады. Сол кездегі өмірдегі тоқыраумен бірге, мәдениетте де рухани тоқыраудың белең алғанын көзі ашық зиялы қауымның сезініп, ел-жұртты алдындағы қасиетті жазушылық парызын ұғынудан туған ұлттық санадағы үлкен сілікініс дәуірі тарих сахнасына шықты. Қоғамда орын алып жатқан құбылыстарды ой елегінен өткізе отырып, миф арқылы жаңа кезеңдегі қазақтың әлемді қабылдауы мен дүниетанымының көкжиегін кеңейту жолында мифтік жаңа үлгілер әдебиетке енді келген жазушылар мен тәжірибелі қаламгерлердің шығармашылық мақсатына айналғандығы мақала өзегіне айналып отыр. Сондай-ақ қазіргі қазақ әдебиетіндегі мифтік мотивтер мен сюжеттердің адамзат баласына жаңа бір көзқарас қалыптастыру бағытындағы өзектілігі айқындалады. Өйткені бүгінгі таңда толғандырып отырған мәселенің бірі адамгершілік мәселесі екендігі баршаға аян. Осы тұрғыдан алғанда миф және мифология қоғам өміріндегі адамзат санасының өркендеуіне үлкен рөл атқаратындығы жазушылар шығармашылығынан орын алып отыр